ҚМДБ оразаға байланысты кәсіпкерлерге үндеу жолдады

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айында кәсіпкерлерді азық-түлік бағасын төмендетуге шақырды. Бас мүфти әлеуметтік маңызы бар тауарлар құнын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеді.  

ҚМДБ оразаға байланысты кәсіпкерлерге үндеу жолдады Фото: aqmeshit-zhastary.kz

Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы айтты.

"Осы ретте кәсіпкер азаматтарды, сауда орталықтарының басшыларын қасиетті айдың құрметі үшін халқымыздың тұрмыс жағдайын ескеріп, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түлік бағасын мүмкіндігінше 10 пайызға дейін төмендетіп, жеңілдік жасауға үндеймін. Жақсы амалдарыңыз өздеріңізге еселеп жақсылық болып қайтатынында күмән жоқ. Мұндайда халқымыз: "Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің" демей ме?!  

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді", – деген.

Осы сәтті пайдаланып, барша қауымға қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішілмесе және дүкендерде сатылмаса, мүмкіндігінше құдайы астар кешкі ауызашар уақытында өткізілсе деген тілегімді жеткіземін. Алла Тағала Рамазанның құрметі үшін жасаған жақсы ісіміздің себебімен баршамызды жақсылыққа кенелткей", – деп түсіндірді спикер.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан Діни ақпарат беру орталығы ашылған. Жамағаттың сұрағына дер кезінде жауап беретін орталықтың нөмірі 8 707 - 233 – 30- 30.

"Ұялы байланыс арқылы хабарласып, көкейде жүрген сұрақтарыңызға жауап аласыз. Дін саласының білікті мамандары тәулік бойы қазақ және орыс тіліндегі сұрақтарға жауап береді", – деді Бас мүфти

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу