"ҚазМұнайГаз-Аэро Өзбекстанның Centrum Air компаниясы Ақтөбе халықаралық әуежайында ұшақ "қанатына" отын құю қызметін көрсетеді.
Келісім-шарт аясында авиакомпания Ташкент – Ақтөбе – Ташкент бағыты бойынша аптасына екі рет қатынайтын тұрақты жолаушы рейстерін іске қосылды. ҚМГ-Аэро халықаралық қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сәйкес рейстерді авиаотынмен қамтамасыз ету қызметтерінің толық кешенін көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тікелей рейстің ашылуы Ақтөбе мен Ташкент арасында өңір тұрғындарының қатынауын ыңғайлы етеді, сонымен қатар іскерлік, туристік және отбасылық сапарлардың мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Жаңа тасымалдаушыны тарту ҚМГ-Аэро мен Ақтөбе әуежайының бағыттар желісін кеңейту және шетелге ұшатын рейстер санын ұлғайту бойынша ортақ жұмысының нәтижесі.
Жалпы, бұл жобаны іске асыру Мемлекет басшысының еліміздің көлік-логистикалық және транзит әлеуетін дамыту жөнінде қойған міндеттеріне сай келеді. Бағыттар желісін ұлғайту және халықаралық әуе компанияларын тарту өңірдегі әуежайлардың дамуына, экономикалық байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның Орталық Азияның негізгі авиациялық хабы ретіндегі инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.