Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға кімдер жіберілмейді?

362

Сенат "Қоғамдық бақылау туралы" заңды мақұлдады.

Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға кімдер жіберілмейді? Фото: freepik

Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға 18 жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді, деп жазады inbusiness.kz.

Сенаторлар "Қоғамдық бақылау туралы" заңды мақұлдады.

Аталмыш құжат мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың ашықтық дәрежесін кеңейтіп, азаматтардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Заңда қоғамдық бақылау ұғымы, қоғамдық бақылаудың мақсаты мен басты қағидаттары, қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілері және олардың құқықтары мен міндеттері айқындалады.

"Мысалы, қоғамдық бақылау субъектілері қоғамдық бақылау топтарын құруға, сарапшыларды тартуға, сондай-ақ, ақпарат сұратуға, қоғамдық бақылау объектілерінің әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне шағымдануға және т.б. құқылы болады. Қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нысандарының ұсынымдарын қарауға және оларды интернет-ресурстарда орналастыруға, мүдделер қақтығысын болдырмауға, қауіпсіздік шараларын сақтауға, субъектілерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және т.б. міндетті болады", - деді құжатта таныстырған Сенат депутаты Руслан Рүстемов.

Қоғамдық бақылаудың негізгі формаларына қоғамдық мониторинг, қоғамдық сараптама, қоғамдық тыңдау жатады.

"Қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға 18 жасқа толмаған, соттылығы өтелмеген, наркологиялық немесе психикалық есепте тұрған адамдар жіберілмейді. Сонымен қатар қызметінде шетелдің қатысы бар, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қызметі тоқтатылған немесе тыйым салынған коммерциялық емес ұйымдарға шектеу қойылады. Қоғамдық бақылау нәтижелерін қарау нормалары бекітілді. Осылайша, қоғамдық бақылау объектілері қоғамдық бақылау нәтижелері бойынша қорытынды құжатты 10 күн мерзімде қарап және дәлелді жауап жіберуі керек. Бұл ретте қоғамдық бақылау объектілері мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті қарау үшін шаралар қолдануға міндетті", - деді сенатор.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу