Көкпардан кейінгі жанжал атыспен аяқталды: Сот үкімі шықты

521

Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.  

Көкпардан кейінгі жанжал атыспен аяқталды: Сот үкімі шықты Фото: Ерлан Омар

Жамбыл облысында көкпарға қатысушыға оқ атқан тұрғынға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Оқиға биыл қаңтар айында болған. Ойын кезінде Кеңес ауылының екі тұрғыны сөзге келіспей соңы төбелеске ұласады. Біраз уақыттан кейін олардың бірі болған жағдайды туысына айтқан.

"Сотталушы үйіне барып, өзінің атына тіркелген ИЖ-81 аңшылық мылтығын алып, оған резеңке оқ салып, жәбірленушіге қарай оқ атқан. Нәтижесінде оның денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Ер адамның бұл әрекеті ауыл тұрғындары арасында үрей туғызып, қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкеп соқты", – делінген соттың хабарламасында. 

Айыпталушы кінәсін толық мойындады. Ол өз түсініктемесінде тайып жығылғанын, соның салдарынан мылтық абайсызда атылып кеткенін түсіндірді.

Оқиғадан кейін ер адам жәбірленушіні бірден ауруханаға жеткізіп, көмек көрсеткен. Зардап шегуші оқ атқан адамды кешіріп, оған ешқандай шағымы жоқ екенін айтты.

Ер адамға 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Шартты мерзім кезінде сот адамды кінәлі деп таниды, бірақ оны жазасын өтеуге жібермейді. Үкім заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу