Көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталды: 21 мыңнан астам азамат әскери қызметке аттанды

179

Ең көп шақырылушы Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан қатарына жіберілді, ал хабарламалар SMS және eGov арқылы жолданды.  

 Көктемгі әскерге шақыру науқаны аяқталды: 21 мыңнан астам азамат әскери қызметке аттанды Фото: gov.kz

Көктемгі шақыру науқаны аясында Қазақстанның Қарулы күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат шақырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Олардың 11 мыңнан астамы Қарулы күштердің қатарында мерзімді әскери қызметін өтейтін болса, 7 мыңнан астамы ІІМ Ұлттық ұланына, 2 мыңға жуығы ҰҚК Шекара қызметіне, 400-ге тарта азамат Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300-і Мемлекеттік күзет қызметіне жіберілді.

Әскери қызметке шақыру туралы хабарламалар азаматтарға SMS және eGov порталындағы жеке кабинеті арқылы жолданды. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату рәсімдері автоматты түрде жүргізілді.

Шақыру науқаны кезінде Қорғаныс министрлігінің Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, азаматтар мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, "қауырт желі" арқылы және жеке қабылдаулар барысында сауалдарға жауап берді.

Айта кетейік, мерзімді әскери қызмет жас азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеруге мүмкіндік береді. Қызмет барысында сарбаздарға несие төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігі қарастырылған. Әскери қызметін аяқтап, жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім грантымен түсе алады, ал қалғандары ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы бөлімге қабылдануға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар әскери қызметшілерге жан-жақты әлеуметтік және медициналық қолдау көрсетіліп, олардың қызметті қауіпсіз әрі лайықты жағдайда өткеруіне қажетті жағдай жасалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу