Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіретін заманауи зауыттың құрылысына капсула салу рәсімі өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Іс-шараға қала әкімі Дархан Сатыбалды, "Junxin Environmental Protection" компаниясының төрағасы Дай Даого, мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және қоғам өкілдері қатысты.
Жоба "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, мегаполистің экологиялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Болашақ зауыт тұрмыстық қалдықтарды өңдеп қана қоймай, электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.
Қала әкімі мұндай бастамалар экологиялық ахуалды жақсартуға және қаланың тұрақты дамуына ықпал ететінін атап өтті. Компания өкілдерінің айтуынша, зауыт "қалдықтан – ресурсқа" қағидатын тиімді жүзеге асыратын заманауи жоба болады.
Кәсіпорын тәулігіне шамамен 2 мың тонна қалдық өңдеп, 60 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі 130 миллиард теңгеден асады.
Зауыт халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеп, қалдықтарды кәдеге жарату жүйесін жетілдіруге және полигондарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.