Қолданыстағы Ата заңды дайындағанда бірқатар өрескел қателіктер жіберілген – Ерлан Қарин

175

Мемлекеттік кеңесші жаңа Ата заңның мәтінін жас та, үлкен де бірдей түсініп, қабылдай алады деп отыр. 

Қолданыстағы Ата заңды дайындағанда бірқатар өрескел қателіктер жіберілген – Ерлан Қарин Фото: Конституциялық сот

Ескі Конституция мен жаңа Ата Заңның арасында біршама айырмашылық бар. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Конституциялық комиссияның кезекті отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Әр отырыста Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде сіздермен қатар осы мінберге шығып, сөз сөйлеп жүрмін. Себебі, бірлесіп бастаған жұмысты соңына дейін жеткізіп, азаматтарға Конституцияның жаңа жобасының негізгі ұстанымдарын түсіндіруіміз қажет. Сіздермен қатар маған да азаматтардан реформаға қатысты түрлі хаттар, пікірлер келіп түсіп жатады. Негізінен, азаматтар жаңа Конституцияның қажеттілігін, маңыздылығын көпшілік дұрыс қабылдап жатыр. Ол әрине қуантады. Сондықтан оң пікір білдіріп, қолдау көрсеткен барша азаматқа Конституциялық комиссия атынан алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Әрине, басқадай пікір айтушылар да бар", – деді Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин.

Ерлан Қарин 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституцияның үзіндісіне тоқталды. 

"Мысалы, қазіргі Ата Заңның 13-бабы 1-тармағында былай деп жазылған. "Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы". Бұдан не түсінуге болады? Оқыған адам да, тыңдаған адам да бірден ештеңе түсінбейді. Себебі кезінде қолданыстағы Ата заңды дайындағанда бірқатар өрескел қателіктер жіберілген еді", – деп атап өтті ол.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, мұндай түсініксіз сөйлемдерді, орнықсыз сөздерді көптеген баптар мен тармақтардан кездестіруге болады. 

"Сондықтан асыра айтқандық емес, бірақ 1995 жылы қабылданған қолданыстағы ескі Конституция мен жаңа Ата Заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама. Жаңа Конституцияны, ондағы жаңа мәтінді жас та, үлкен де бірдей түсініп, қабылдай алатын болады", – деді Ерлан Қарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу