Көлік саласында көрсетілген қызмет көлемі 2,9 трлн теңгеге жетті

131

Жолаушылар тасымалының көлемі 9,3%-ға өсіп, 483,7 млн адамға жетті. 

Көлік саласында көрсетілген қызмет көлемі 2,9 трлн теңгеге жетті Фото: gov.kz

2026 жылғы қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының көлік саласы негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім көрсетуде. Нақты көлем индексі 112,8%-ды құрады. Көрсетілген қызметтер көлемі 2,9 трлн теңгеге жетті, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен (2,4 трлн теңге) асып түседі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тасымалданған жүктің жалпы көлемі өткен жылдың қаңтар-наурыз айларымен салыстырғанда 8%-ға артып, 239,8 млн тоннаны құрады (222 млн тонна). Жолаушылар тасымалының көлемі 9,3%-ға өсіп, 483,7 млн адамға жетті. Ал 2025 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 442,5 млн жолаушыны құраған болатын.

Жыл соңына дейін оң динамиканы сақтау ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етіледі. Атап айтқанда, жұмыстың барлық түрлерімен 11 мың шақырым автомобиль жолын қамту жоспарлануда.

Теміржол саласында "Дарбаза – Мақтаарал" және "Мойынты – Қызылжар" жаңа желілерінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл желінің өткізу қабілетін арттырып, елдің транзиттік әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Азаматтық авиация саласында биыл Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі туристік аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысын аяқтау көзделген.

Көлік паркін жаңартуға ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы 9 әуе кемесін сатып алу жоспарланған. Жыл басынан бері 3 ұшақ алынды: Air Astana – 1, SCAT Airlines – 2.

Сонымен қатар, 1800 бірлік жылжымалы құрамды жаңарту қарастырылған, оның ішінде: 236 локомотив, 1373 жүк вагоны және 191 жолаушылар вагоны бар.

Аталған шараларды іске асыру көлік саласының тұрақты өсуін қамтамасыз етуге және 2026 жылдың қорытындысы бойынша нақты көлем индексінің жоспарлы 110% деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу