Көлік жуу бекеттеріне суды үнемдеу құрылғысын орнату міндеттеліп жатыр

249

Елордада 50 көлік жуу бекеті арнайы құрылғыны қойған.

Көлік жуу бекеттеріне суды үнемдеу құрылғысын орнату міндеттеліп жатыр Фото: kuzov-media.ru

Бүгін елордада қалалық "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына бір топ көлік жуу бекеттерінің иелері мен жалға алушылар жиналды. Оларға бір ай бұрын суды үнемдейтін арнайы құрылғы орнату керектігі туралы хабарлама келген6 деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

"Көлік жуу бекеттерінен суды қайта пайдалануға арналған құрылғы орнатуды талап етіп жатыр. Құрылғыны орнату туралы 2017 жылдан бастап айтылып келеді, биыл тағы көлік жуу бекеттерінің иелеріне қайта хабарлама жібердік. Бүгінде елордада 50 көлік жуу бекеті арнайы құрылғыны қойған, тағы 100 шақты көлік жуу бекеті бізге 1-1,5 жыл уақыт бер деп отыр. Хабарландыруға сәйкес құрылғыны бір айдың ішінде орнату керек, әрине орнатпаған жағдайда суды бірден ажыратып тастамаймыз. Көлік жуу бекеттерінің иелері жағдайын айтып келеді, біз қосымша уақыт береміз", - деді "Астана су арнасы" мекемесі бас директорының орынбасары Қанат Нұрмағамбетов.

Оның айтуынша, суды үнемдеп, қайта пайдалануға арналған құрылғының құны әртүрлі, шамамен 800 мың теңгеден басталады.

"1 жеңіл көлікті жууға 300 литр су кетеді, ал құрылғының көмегімен 200 литр суды қайта қолдануға болады. Құрылғыны орнатпаған көлік жуу бекет иелеріне айыппұл басқа да жаза қолданылмайды. Біздің мақсат – суды үнемдеуге шақыру", - дейді ол.

Бүгінде елорда аумағында Астана су арнасы мекемесінде ресми тіркелген 272 көлік жуу бекеті бар.

"Біріншіден, айналымдағы сумен жабдықтау жүйелерін орнату айтарлықтай инвестиция мен уақытты қажет етеді. Көптеген автокөлік жуу бекеті иелерінің бұл талапты орындауға жеткілікті қаражаты жоқ. Екіншіден, сумен жабдықтау жүйелерін техникалық орнату және баптау білікті мамандардың қатысуын талап ететін күрделі процесс. Талаптарды орындау үшін айтарлықтай уақыт керек", – дейді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Алин.

Өз кезегінде көлік жуумен айналысатын кәсіп иелері аталған құрылғының қымбат екенін және уақыт беруді сұрап отыр.

"Алдымен құрылғыны қою үшін уақыт және қаражат керек. Иә, бірнеше көлік жуу бекеттерінің иесі орнатқан шығар, бірақ олар 1-1,5 млн теңгенің арзан құрылғысы, сапалы құрылғы шамамен 10 млн теңге тұрады, ал бізде ол көлемде қаржы жоқ. Бізге уақыт берсін, субсидия жағын қарастырсын, мүмкін құрылғыны өздері қойып берер. Мен көлік жуу бекетін 10 жыл бойы жалға алып келемін, аренданың бағасы, жұмысшылардың айлығы, салық басқа да шығындар бар. Мен суды үнемдеу құрылғысын орнатуға қарсы емеспін, тек уақыт керек, себебі оның сомасы қомақты", - дейді астаналық кәсіпкер Толқын Көпеева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу