Көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізгендер 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін

96

Қазақстанда агрессивті жүргізу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректеріне қатысты жауапкершілік күшейтілді.  

Көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізгендер 15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін Фото: akspic.ru

Астана қаласының прокуратурасы жол қозғалысы ережелерін жүйелі әрі өрескел бұзатын жүргізушілерге қатысты жауапкершіліктің қатаңдатылғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Прокуратура мәліметінше, жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қауіпті маневр жасау сияқты әрекеттер азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді.

Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін тек айыппұл салу жеткіліксіз болған жағдайда, жүйелі әрі қасақана ереже бұзатын жүргізушілерге қатаң шаралар қолданылады. Атап айтқанда, олардың әрекеттері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы ("ұсақ бұзақылық") бойынша қосымша сараланып, 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылады.

Қазірдің өзінде осы бап бойынша бірнеше жүргізуші жауапкершілікке тартылған. Олардың барлығы бұған дейін бірнеше рет айыппұл төлегенімен, бұл шаралар тиісті нәтиже бермеген.

Прокуратура өкілдері бұл бір реттік жылдамдық асыру жағдайлары емес екенін атап өтті. Әңгіме жол ережелерін әдейі әрі көрсетіп бұзатын, өзгелердің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайтын және кейде мұндай әрекеттерін әлеуметтік желілерде жариялайтын жүргізушілер туралы болып отыр.

Мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіреді. Сондықтан олар ұсақ бұзақылық ретінде бағаланып, сот арқылы жауапкершілікке тартылады.

Астана қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, қасақана құқық бұзушыларды оқшаулау агрессивті жүргізуге төзбеушілікті қалыптастыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.

Елорда прокуратурасы жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және жолдағы қауіпсіздік ортақ жауапкершілік екенін ұмытпауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу