Колледждерге құжат қабылдау басталды

608

Балалар жылында 128 мың грант бөлініп, рекордтық көрсеткішке жетті. Бұл былтырмен салыстырғанда 45 мыңға артық, деп хабарлайды inbusiness.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Колледждерге құжат қабылдау басталды

Білім беру гранттарының басым бөлігі техникалық мамандықтарға бөлінеді (IT, құрылыс, инженерия, металлургия).

Енді алдағы оқу жылында қазақстандық колледждер "Робототехника және кіріктірілетін жүйелер", "Аддитив өндірісі технологиялары", "Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері", "Графика және мультимедия дизайны", "Ландшафт дизайны" және басқа да жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлауды бастайды.

Талапкерлерге ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау үрдісі автоматтандырылды. Құжаттар Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы қабылданып жатыр. Сондай-ақ қабылдау колледждерде дәстүрлі қағаз форматында да жүзеге асырылады.

Бұдан былай талапкерлер бірден 4 мамандықты таңдап, еліміздің 4 колледжіне құжат тапсыра алады.

2021 жылы білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін министрлік "ақша студенттің соңынан жүреді" қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыстарды бөлудің жаңа механизмін енгізді. Бұған дейін гранттарды колледждер арасында білім басқармалары орналастырып келсе, енді мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауы бойынша бөлінеді. Яғни түлек қайда оқуға түскісі келсе, бюджет ақшасы сол жерге жіберіледі.

"Бүгінгі таңда 9-сынып түлектерінің 70%-ға жуығы еліміздің колледждерінде мемлекет есебінен тегін оқып жатыр. Биыл мемлекеттік тапсырысты 45 мың орынға көбейттік. Сондай-ақ министрлік жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың сұранысы бойынша кадрларды мақсатты даярлауды енгізді. Яғни қазірдің өзінде балалардың жұмысқа орналасуына кепілдік беріледі. Бұл еңбек нарығының сұранысына сай мамандарды шығаруға және оларды даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік тапсырысты орналастырудағы ашықтық барлығына техникалық және кәсіптік білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етеді және колледждер арасындағы бәсекелестікті арттырады", – деп түсіндірді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.

Орта буын және қолданбалы бакалавр мамандықтарына түсетін талапкерлер арасында іріктеу білім басқармаларының ақпарат жүйесі арқылы жүргізіледі. Конкурс сертификаттың міндетті және бейіндік пәндерінің орташа балы бойынша өткізіледі.

Жұмысшы мамандығын алғысы келетін орта мектеп түлектері, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар колледжге әңгімелесу қорытындысы бойынша қабылданады. Олар Egov.kz арқылы онлайн өтініш бере алады немесе құжаттарды тікелей колледжге тапсыра алады.

Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарға түсетін түлектер арнайы не болмаса шығармашылық емтихандар тапсырады немесе әңгімелесуден өтеді. Оларды колледждердің қабылдау комиссиялары жүргізеді. 

Мемлекеттік тапсырыс бойынша 9-сынып талапкерлері арасындағы конкурс 19-22 тамыз аралығында өтеді. Ал 11-сынып және колледж түлектері арасындағы байқау 22-25 тамыз аралығында өтеді. Өнер және мәдениет мамандықтарына түсетіндер үшін байқау 29 шілде мен 2 тамыз аралығында өтеді.

Былтырдан бастап квота санаттарының тізімі кеңейтілгенін де атап өтейік.

"Квота 9 санатқа беріледі. Көп балалы отбасы балалары үшін 5%, кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасы балалары үшін – 1%, бала кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар, І және ІІ топтағы мүгедектер үшін – 1% квота енгізілді. Ұпайлар тең болған жағдайда квота санаты мен сертификаттың орташа балы есепке алынады", – деп атап өтті Насымжан Оспанова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу