Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы Кеген ауданындағы Қайыңды–Саты автожолының 4-шақырымында болған. Toyota Sequoia автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, көлік жол жиегіне шығып, аударылып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Желідегі мәліметке сәйкес, көліктің ішінде шетелдік туристер отырған.
– Жол-көлік оқиғасы салдарынан бір жолаушы оқиға орнында қаза тапты. Тағы бес жолаушы түрлі жарақаттарымен аудандық ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады департаменттен.
Полиция жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық істі тіркеп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Көлік жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.