Көмек сұраған "Қазақ елінің" түсірілім тобына ОҚО әкімі шарт қойды

840

Көмек сұраған "Қазақ елінің" түсірілім тобына ОҚО әкімі шарт қойды

ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев "Қазақ елі" көпсериялы тарихи-драмалық телевизиялық сериалының түсірілім тобымен кездесті. Басқосуға туындының қоюшы-режиссері Рүстем Әбрашов, бас продюсер Арман Асенов бастаған шығармашылық топ қатысты. Фильмнің қоюшы-режиссері Рүстем Жарасқанұлы кездесу барысында тарихи шығарманың өңірдегі түсіріліміне қолдау көрсету қажеттігін жеткізді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.

"Оңтүстік - қазақ тариxының негізгі кезеңі өткен ерекше өлке. Түркістан, Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Сауран, Отырар, Мәртөбе сынды қасиетті орындардың барлығында да ұлт тағдырын қалыптастырған айтулы оқиғалар өтті. Осындай тарихи дүниелер арқылы біз болашақ ұрпақтың бойына отаншылдық, ерлік, намысқойлық сынды асыл қасиеттерді сіңіреміз. Сондықтан да үлкен үміт күткен тариxи фильмді Оңтүстікте түсірулеріңіз өте орынды, қолдаймыз. Дегенмен киноға осы өңірдің талантты әртістерін де көргіміз келеді. Мұнда кәсіби деңгейдегі өнер адамдары жеткілікті. Аталған фильмге жергілікті әртістерді қатыстыруды ұсынамын", - деді Жансейіт Түймебаев.

"Қазақ елі" көпсериялы тарихи-драмалық телевизиялық сериалының алғашқы маусымы "Алмас қылыш" деп аталса, ІІ-маусымы "Алтын тақ" деген атаумен түсіріледі. Туындының Оңтүстіктегі түсірілімі осы жылдың 25 сәуірінен 4 шілдесіне дейін жалғасады. Түлкібас, Төле би аудандары мен Арыс, Ақсу өзендерінің бойында және Түркістан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында "Керей ханның ауылы", "Хан ордасы" сынды декорациялар жасалынады. 

Жиынды қорытқан аймақ басшысы киіз үйлер, ат, көне декорациялар, медициналық және қауіпсіздік қолдау сынды көмектің барлығы жасалынатынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу