Көмір бағасын тұрақтандырудың фючерлік тәсілі енгізілуі мүмкін

454

Алыпсатарларға қойылатын талап күшейтілмек. 

Көмір бағасын тұрақтандырудың фючерлік тәсілі енгізілуі мүмкін

Қыс таяған тұста көмір іздеген халықтың қоймаларды басына көтеріп, айқайға басуы әдетке айналып барады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин осы түйткілді шешудің танымал тәсілін ұсынды.

"Бүгінгі күнге дейін бізде есі дұрыс фючерлік сауда жоқ екені мені алаңдатады. Жуықта ғана біздегі көмір олигархиясының бір өкілімен көмір бағасы туралы сөйлестік. Әрине, монополияға қарсы органның қазір тікелей мемлекет басшысына бағынышты болып, ешкімге жалтақтамай, кез келген баға өсімінің жолын жазалау шаралары арқылы кесіп отыруы бәрін алаңдатып отыр. Дегенмен көмір нарығы маусымдық нарық екенін бәріміз білеміз. Жыл бойы қордаланған шығынды 2-3 айдың ішінде ақтап қалу керек. Бұл тығырықтан фючерлік келісімдер арқылы шығуға болар еді. Қазан айына қажет көмірді жылдың басында сатып алып қою бәріне қолайлы. Сатушы өзінің қаржылық тұрақтылығын сақтап тұра алады. Жергілікті әкімдіктер мен өңірлік операторлар да баға қандай болар екен деп алаңдамайды. Осы тәсілмен жұмыс істеген болсақ, көмір бағасына қатысты өткір мәселелер туындамас та еді. Қаңтар айының өзінде-ақ қазанда қандай баға болатынын, оны бюджет есебінен де қалай реттеуге болатынын алдын-ала біліп отыратын едік. Ал көмір алпауыттары тұтынушы мен өндіруші арасындағы сауда өкілдеріне қойылатын талапты күшейтуді ұсынып отыр. Алыпсатар болған күннің өзінде көмірді тиеп, түсіріп алатын теміржол тұйығы болуы керек деген сияқты нақты талаптар қою қажет екенін айтады. Бұл бастапқы кезең үшін әділетті талап", – деді агенттік басшысы. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу