ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3660 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Қонаев қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында суық қару алып жүрген азаматты анықтап, ұстады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Патрульдік қызмет барысында 3660 әскери бөлімінің патрульдік топ бастығы кіші сержант Азамат Байғұл және патрульшілер қатардағы Досмырза Мырзахмет пен Бексұлтан Майлыбай өздеріне бекітілген аумақта қала тыныштығын қамтамасыз етіп жүрген.
"Қызмет атқару кезінде әскерилер оларды көре сала жасырынуға тырысқан күдікті азаматты байқап, тоқтатып, өздерін таныстырып, тексеру жүргізген. Сыртқы тінту барысында азаматтың бойынан ұзын жүзді суық қару – мачете табылды. Аталған азамат одан әрі процессуалдық шаралар қабылдау үшін Қонаев қаласының полиция басқармасына тапсырылды. Қазіргі уақытта осы факті бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің жедел әрі кәсіби әрекеті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған қызметтің маңызын тағы бір мәрте дәлелдеді.