Қонаев қаласында Президенттің тапсырмасына сәйкес жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жыл сайын жүйелі түрде жүргізіліп келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін қаладағы қоғамдық көлік паркі толық жаңартылып, Қонаев пен маңайдағы ауылдар арасында қатынайтын жаңа бағыттар ашылды. Бұған дейін қалада 9 маршрут бойынша 28 автобус қызмет көрсетсе, бүгінде тағы бір маршрут іске қосылып, 5 жаңа қоғамдық көлік пайдалануға берілді.
Жаңа бағыттағы автобустар Қонаев қаласы мен Кербұлақ, Ақөзек ауылдары арасында қатынайды. Ал қалған 4 автобус қалаішілік маршруттарға бөлінген. Қазіргі таңда тұрғындарға барлығы 33 автобус қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 6 бағыт – қалаішілік, ал 5 маршрут елдімекендерге қатынайды.
Былтыр Қонаев қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, қала аумағында әлеуметтік маңызы бар тұрақты жолаушылар тасымалына арналған сараланған тарифтер бекітілді.
Атап айтқанда:
- қалалық қоғамдық көлікте электрондық билет жүйесі немесе ұялы байланыс операторы арқылы төлем жасаған жағдайда жол жүру ақысы 120 теңге, қолма-қол төлем кезінде – 200 теңге;
- Қонаев – Заречный, Қонаев – Арна бағыттарында электрондық төлем – 150 теңге, қолма-қол – 300 теңге;
- Қонаев – Қосқұдық, Қонаев – Шеңгелді бағыттарында электрондық төлем – 200 теңге, қолма-қол – 400 теңге;
- Қонаев – Сарыбұлақ, Қонаев – Кербұлақ, Ақөзек бағыттарында электрондық төлем – 200 теңге, қолма-қол – 500 теңге.
Сонымен қатар жолаушылардың әлеуметтік осал санаттарына бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.
Cтуденттер, мектеп оқушылары мен зейнеткерлер үшін жол жүру ақысына 50 пайыздық жеңілдік бар. Ал көпбалалы аналар, I–II–III топтағы мүгедектігі бар азаматтар, 18 жасқа дейінгі ерекше балалар және оларды алып жүретін адамдар қоғамдық көлікте тегін қатынай алады.
Қаладағы жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында былтыр 16 жаңа аялдама пайдалануға берілді. Жаздық және қыстық үлгідегі аялдамалар толық цифрландырылып, бейнебақылау камераларымен, бағыттар көрсетілген ақпараттық экрандармен және ауа желдеткіш жүйесімен жабдықталған.