Концерт өтпеді – ақша қайтарылды: сот кәсіпкерді 5,3 млн теңге төлеуге міндеттеді

161

Солтүстік Қазақстан облысында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытында маңызды сот шешімі шықты. 

Концерт өтпеді – ақша қайтарылды: сот кәсіпкерді 5,3 млн теңге төлеуге міндеттеді Фото: gov.kz

Петропавл қаласының №2 соты концерт билеттеріне байланысты дауда тұтынушылардың пайдасына шешім қабылдап, кәсіпкерден 5,3 млн теңгеден астам қаражатты өндіріп берді, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оқиға 2025 жылғы 25 қазанда Қостанай қаласында өтуі тиіс болған "Akmal" орындаушысының концертіне байланысты. Іс-шара өтпей қалғанымен, билет алған азаматтардың бір бөлігі ақшасын мүлде ала алмаған, ал кейбіріне тек ішінара қайтарылған.

Бұл жағдайға байланысты бірнеше тұтынушы шағым түсірген. Алайда кәсіпкер сотқа дейінгі талаптарға да тиісті жауап бермеген. Соның нәтижесінде Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті белгісіз тұлғалар тобының мүддесін қорғап, сотқа жүгінген.

Сот отырысы барысында оннан астам азаматтың құқығы бұзылғаны дәлелденді. Нәтижесінде сот талап арызды толық қанағаттандырып, кәсіпкерден 5 380 126 теңге көлемінде өтемақы өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Департамент өкілдерінің айтуынша, бұл іс тұтынушылардың құқықтары мемлекет тарапынан нақты қорғалатынын көрсетеді. Сонымен қатар, қызмет көрсететін кәсіпкерлер, оның ішінде онлайн платформалар арқылы жұмыс істейтіндер де, өз міндеттемелерін толық әрі уақытында орындауы тиіс.

Мамандар мұндай жағдай қайталанса, азаматтар өз құқықтарын қорғау үшін тиісті органдарға жүгінуден тартынбауы керек екенін ескертеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу