Конституциялық сот төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше, Ата заң жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерін жетілдіру жұмысы үздіксіз жүргізілуде, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Жұмыс топтары құқықтық нормалардың тұжырымдарын оңтайландыру және олардың мазмұнын баршаға түсінікті ету мақсатында қажетті шаралар қабылдап отыр. Терминдік және семантикалық бірізділікті қамтамасыз етуге баса назар аударылып жатыр.
Осылайша, Үкімет, Парламент, Президент Әкімшілігі бөлімдерінің мамандары, Коституциялық комиссияның редакциялық-терминологиялық жұмыс тобы, Халықаралық "Қазақ" тілі қоғамы, жаңа Ата заң мәтіні жобасына жұмылдырылған лингвист мамандар тарапынан берілген ұсыныстардың негізінде редакциялық, стилистикалық түзетулер жүргізілді, – деді ол.
Конституциялық сот төрағасының орынбасары мұндай түзетулер бірнеше нормаға енгізілгенін сөз етті.
– Преамбулада "Ұлы даланың мың жылдық сабақтастығын сақтап" деген сөздер "Ұлы даланың мыңдаған жылдық сабақтастығын сақтап" деп өзгертілді. Мәтін бойынша "неприкосновенность" термині сан рет кездеседі. Қазақ тілінде ол "қол сұқпау", "қол сұғылмауышылық" деп алынып отыр, – деп нақтылады Бақыт Нұрмұханов.