Конституция жобасында Үкіметке қатысты көптеген ереже нақтыланды – Бақыт Нұрмұханов

119

Түзетулер бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты екені айтылды.

Конституция жобасында Үкіметке қатысты көптеген ереже нақтыланды – Бақыт Нұрмұханов Фото: Конституциялық сот

Конституциялық сот төрағасының орынбасары, комиссия мүшесі Бақыт Нұрмұханов жаңа Ата заң жобасындағы бірнеше бөлімге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Конституция жобасының бесінші бөлімі "Үкіметке" арналып отыр.

"Бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты көптеген ережелер нақтыланды. Олар Үкімет пен оның мүшелерінің Құрылтай алдындағы жауаптылығы мен есеп беру, сенімсіздік вотумын білдіру, Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық бюджет және оның атқарылуы туралы есеп беру мәселелеріне байланысты болып отыр", - деді ол.

Бақыт Нұрмұхановтың сөзінше, алтыншы бөлім екі баптан тұрады және Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты мәселелерді реттейді.

"Құрамына ел азаматтары кіретін бұл жоғары консультативтік орган Қазақстан халқының мүддесін білдіреді. Оның Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық референдум тағайындау туралы ұсынысқа бастама жасау және басқа да маңызды өкілеттіктері белгіленді", - деп атап өтті ол.

Жетінші бөлімде "Конституциялық Сотқа" қатысты нормалар шоғырландырылды.  Конституциялық сот төрағасының орынбасары Конституциялық Соттың құрамына, судьялардың өкілеттік мерзімдеріне және құзырына қатысты нормалар негізінен сақталғандығын айтты. Осы орайда Конституциялық Соттың конституциялық бақылау жүргізетін және бүкіл ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретіндегі миссиясы белгіленді.

Айта кету керек, бұған дейін Жаңа Ата заңның жобасы 11 бөлімнен және 95 баптан тұратынын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу