Кооперативтегі 190 үйге тиісті үлесі берілмей қалды

976

Кооператив мүшелері табыс пен өнім сапасы, мал басы жылдан жылға азайып бара жатқанын айтады.

Кооперативтегі 190 үйге тиісті үлесі берілмей қалды

Облыс орталығының іргесіндегі Жамбыл ауданының тұрғыны Айтмұханбет Исақов "Пионер" өндірістік кооперативін жасы 70-тен асқан Алпысбай Жұмаханов басқаратынын, соңғы жылдарда төрағаның ұжым мүшелерінің келісімінсіз ортақ мал-мүлікке материалдық шығын келтіріп отырғанын айтады.

Жалпы бұл кооперативте 190 үйдің ортақ үлесі: меринос қойы, техника, гараж, қырман, суармалы жер, жайлау, қыстау және қоралар бар. Үлескерлердің айтуынша, бұған дейін шаруасы шалқып, табысы тұрақты болып келген шаруашылықтың ісі соңғы жылдарда шатқаяқтай бастапты. Мұның түпкі себебін басшының жасы жетпістен асса да жастарға орын бергісі келмей отырғанымен байланыстыратындар да бар.

Үлескерлер жалпы табыс пен өнім сапасы, техника, жайлау, қыстау, мал басы жылдан жылға азайып бара жатқанын айтып отыр. Кооператив мүшелері былтыр 190 үйдің тиісті үлестері берілмей қалды дейді.

Ал табыстың азайғанын кооператив басшысы Алпысбай Жұмаханов басқаша түсіндіреді. Негізі өндірістік кооператив 1997 жылы құрылған екен. Бірер жыл өткенде ұжымның 37 пайызы өз үлестерін алып, шаруа қожалық болып бөлініп шыққан. Соның бірі – "Атамұраға" 7 трактор, 2 комбайн, ғимараттар берілген. Ал 2009 жылы "Сеңгірбай" шаруа қожалығы құрылып, 17 пайыз үлесіне қарай 5 тракторды тағы алып кетіпті. Кейін екі шаруа қожалық тарап, техниканың барлығы талан-таражға түскен.

Төраға былтыр мал басының 350-ге азайғанын жоққа шығармады. Қойдың біразын кооперативтің қажеттілігі үшін басқарма мүшелерімен келісім жасала отырып саудаланғанын айтты. Оның айтуынша, ұсақ мал өсіруде – меринос бағу тиімсіз екен. Мәселен қазақы қой 55 мыңға саудаланса, мериностың құны 20 мыңнан аспайды. Бұрын ақ қойдың жүнінің бір келісі 1 мың теңгеге саудаланған кезде ғана бағасы да келісті болған.

"Былтыр егіннің шығымы аз болды. Қуаңшылықтың әсерінен бидайдың әр гектарынан 6, арпадан 3 центнерден ғана өнім алдық. Үлескерлердің үлесін бере алмағанымыз сол. Даудың бәрі сол үлестің берілмеуінен шығып жатыр", – дейді кооператив басшысы.

 

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу