Копенгаген мен Осло әуежайлары дрондар салдарынан уақытша жұмыс істемеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
Норвегия астанасы Ослодағы Гардермуэн әуежайы әуе кеңістігінде ұшқышсыз ұшу аппараты байқалғаннан кейін жабық болған. Бұл туралы NRK телерадиокорпорациясына елдің әуежайларына жауапты Avinor компаниясының өкілі хабарлады.
22 қыркүйек күні кешке бірнеше ұшақ басқа әуежайларға жіберілді. Әуе айлағында қазір полиция жұмыс істеп жатыр. Мысалы, Парижден Ослоға ұшуы тиіс болған рейс дрон қаупіне байланысты Копенгагеннің оңтүстік-шығысындағы Каструп әуежайына жіберілді.
Сол күні кешке дрондардың салдарынан Копенгаген әуежайы да жабылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, екі-үш дрон туралы сөз болуы мүмкін, алайда бұл ақпарат нақты расталмады. Копенгаген әуежайы 23 қыркүйек күні таңертең жұмысын қайта бастағанын хабарлады. Бұған дейін ұшқышсыз ұшу аппараттары салдарынан әуежайдағы ұшу-қону жұмыстары төрт сағатқа жуық тоқтаған.
Дания мен Норвегия билігі екі оқиғаның арасында байланыс бар-жоғын анықтау мақсатында бірлесіп жұмыс істемек.
Соңғы күндері Еуропаның бірнеше әуежайында хакерлік шабуылдарға байланысты іркілістер тіркелді.