Көпқабатты үйді салар кезде ең әуелі әлеуметтік инфрақұрылым ескерілу керек - депутат

430

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіде тараған Астанадағы №71 мектептің дәлізінде оқушылардың тапталып қала жаздаған видеосына қатысты пікір білдірді. 

Көпқабатты үйді салар кезде ең әуелі әлеуметтік инфрақұрылым ескерілу керек - депутат Фото: gov.kz

Оның сөзінше, әлеуметтік инфрақұрылым болмаса көпқабатты үйлердің құрылысына рұқсат берілмеу керек.

“Үлкен қалаларды салғанда қаншама көпқабатты үйлер бой көтереді. Егер олардың құрылысына әлеуметтік инфрақұрылым болмаса, рұқсат берілмеуі керек. Бізде тәп-тәуір мектептер салынады. Оларды салғанда алдын ала болжам жүргізіледі. Бірақ сол мектеп негізі заң бойынша бір ауысымды болып жұмыс істеуі керек. Білім ордасының жанына 5-6 көпқабатты үй салғаннан кейін мектеп бір жылдың ішінде үш ауысымды болады”, - деді ол Мәжіліс кулуарында.

Оның сөзінше, мұндай үшауысымды мектептерде жақсы білім сапасын қамтамасыз ету мүмкін емес. 

“Осы орайда депутаттар тиісті норманы заңға енгізіп жатыр. Бұл дегеніміз көпқабатты үйді салар кезінде бірінші кезекте әлеуметтік инфрақұрылым болу керек. Егер ол жеткілікті деңгейде болмаса, онда көпқабатты үйлерді салуға рұқсат берілмеуі керек”, - деді депутат Мәжіліс кулуарында.

Халық қалаулысының елордадағы мектепте болған оқиғаға тоқтала келе, білім ордасының әкімшілігі бұл мәселені өздері реттеуі керек болғанын айтты.

“Тиісті үзілістердің уақытын, балалардың кестесін дайындау тәртібі бар. Сондықтан бұл мәселелерді реттемесе болмайды. Бірақ 1200 оқушыға арналған мектепте 5 мың бала оқитын болса, ол білім алмақ түгілі тамақтануға, гардеробқа барып киімін алуға, кіріп-шығудың өзіне үлкен кедергі жасайды. Сондықтан мұндай қиын жағдайда қандай сапалы білім туралы айта аламыз”, - деді Асхат Аймағамбетов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу