Көпшілік думандатқан тойхана енді ауруханаға айналды

572

Павлодардағы "Дәстүр" мейрамханасында алғашқы медициналық көмек көрсету орталығы ашылды.

Көпшілік думандатқан тойхана енді ауруханаға айналды

Павлодар облысында бұрын-соңды мұндай орталық болған емес. №2 қалалық емхананың иесі – "Almaz Medical Group" ЖШС бұрынғы мейрамхана ғимаратын сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, медициналық мекемеге айналдырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Пандемия кезінде елдегі тойханалардың көпшілігі жұмысын тоқтатты. Енді бірі бағытын ауыстырды. Мәселен, Павлодар қаласындағы бірнеше мейрамхана бүгінде сауда орындары ретінде тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сол сияқты бірнеше залы болған, қаланың қақ ортасында орналасқан "Дәстүр" мейрамхасында №2 емхананың алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы жұмысын бастады. Қазіргі уақытта бұл емдеу мекемесінде 13 мыңнан астам тіркелген. Алдағы уақытта олардың қатарын 20 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр.

"Almaz Medical Group" ЖШС филиалының бас дәрігері Қуаныш Нысанбековтың айтуынша, 1 қыркүйекте тұрғындарды қабылдауды бастаған емдеу нысаны бір уақытта 150 науқасқа медициналық көмек көрсете алады. Күндізгі стационардың терапия мен гинекология профильдері бойынша 12 төсек-орын бар. Орталықта 26 білікті маман, оның ішінде 11 дәрігер жұмыс істейді. Келушілерді педиаторлар, терапевттер, акушер-гинеколог қабылдайды. Скрининг, флюрографиядан өтіп, электрокардиография жасауға да болады.

Жаңа орталыққа келушілердің бірі – Санат Керейбай ақсақал.

"Бұрын емхана алыс болғандықтан, бас ауырып, балтыр сыздаса да дәрігерге бара қоймайтынмын. Үйдің жанында ашылғаны жақсы болды. Дәрігерлердің қарауына еш қиындықсыз келетін болдық", – дейді қария.

Орталықтың жұмыс барысымен танысқан аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов мұндай бастама басқа емханаларға да үлгі болуы тиіс екенін атап өтті.

"Бұл – облыстағы осы іспетті алғашқы орталық. Мұнда білікті мамандар, қолжетімді медициналық қызметтер, сапалы сервис бар. Бастысы, тұрғындарға керек көмектің барлығы үйдің маңында көрсетіледі. Аталған орталық облыстағы басқа емханаларға үлгіге айналуы керек", – деді өңірдің басшысы.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу