Көптен бері еттің дәмін сезбегендер елорда да тұрады

511

Елімізде адамдардың әлеуметтік жағдайына қарай ас тұтынуындағы айырмашылық артып барады.

Көптен бері еттің дәмін сезбегендер елорда да тұрады

Мәселен, қалталылар тұрмысы төмен отбасыларға қарағанда етті 4 есеге артық жейтін болған.  Бұл Ұлттық статистика бюросы таратқан ресми мәлімет.  Есесіне, табысы аз адамдар қарындарын нанмен тойдырған сияқты. Өйткені, 3 айдың ішінде айлығы шайлығына жетпейтіндердің бір өзі орта есеппен 25 келіге жуық жарма мен нан өнімдерін сатып алған.

Етті де, балықты да, кәмпитті де, тіпті, жемістерді де аз жейтіндер Шымкентте тұрады екен. Статистика бюросы осылай дейді. Есесіне, оңтүстікте бір адам 3 айда 30 келіден артық нан мен жарма өнімдерін тұтынған. Тағы да ұлттық бюроның деректерін дәйек етсек, тұрмысы төмен отбасылардың да ең көп саны Түркістан облысында тіркелген. 8,1 пайыз. Ал Астанадағы кедейлік деңгейі 1,9 пайыз болыпты. Демек, көптен бері еттің дәмін сезбегендер елорда да тұрады.

Ал балық пен балық өнімдері байлардың дастарханынан арылмайтын көрінеді. Өйткені бір айда табысы жоғары азамат 6,6 келі теңіз өнімдерін жейді. Бірақ тиыннан теңге құрай алмай жүргендер айына 1 келі балық жесе жеді, жемесе ол да ет секілді арман боп қалады. "Қанша ет жейсіз?" деп жолыққан депутаттан да сұрадық. Серік Шайдаров талайдың түсіне кіріп жүрген етті келілеп алмайды, ал өзгелердің аш жүргеніннен хабардар да емес болып шықты.

Ал Алматы мен Астана тұрғындарының дені жалақыларының 60 пайызын күнделікті ішіп-жеміне жұмсайды екен. Экономистердің айтуынша, табысының көп бөлігін тамаққа кетіретін ел кедейшілік шегінде тұр. Тіпті, бұған қатысты әлемдік рейтинг те бар. Тізімде Қазақстан Африка елдерімен қатар тұрған көрінеді. Экономист Мақсат Халық ең құрығанда төменгі айлық табысты көтеру керектігін ұсынып жүр. Өз есебі де бар. Ол 365 мың теңге орташа айлықты 3-ке бөліп, содан ең төменгі табысты шығару керек дейді. Бұл әлемдік тәжірибе.

"85 мың теңге емес, Президенттің аузынан шығатын, 121 мың теңге деп айтылуы керек еді. Бізде енді халықтың табысы жақсарып келе жатыр, өсіп келе жатыр, экономикамыз тәуір боп қалды деп айтқанменен халықтың реалды түрде азық-түлікке қанша шығын жұмсап отырғанын анықтау керек. Бізде халқымыздың көп бөлігінің табысы төмен. Кедейшілік шегі өсіп жатыр деп айтуға негіз бар. Үкіметтің бастамасымен жылудың, жарықтың, газдың бағасы артып жатыр. Бұл да халыққа қосымша ауыртпашылық болып түседі деген қауіп бар", - деді экономист Мақсат Халық.

Ал Тағамтану академиясы мен Ұлттық экономика министрлігі бірігіп, ең төменгі күн көріс деңгейін 40 мың теңге деп бекітіп қойғалы қашан. Демек, осы соманы ересек, дені сау бір адам бір айлық өміріне жеткізе алады деген сөз. Тіпті, оның ішіне дәрумендері де кіреді. Езу тарттырар жағдай, әрине. Ал Прездиент биылғы жолдауында төменгі табысты 85 мың теңгеге арттыруға тапсырма берді. Бұл 1 млн 800 мың халықтың жағдайын жақсартуға септігін тигізбек деді Тоқаев. Яғни, елімізде 2 миллионға жуық қазақстандықтың табысы 70 мыңнан төмен дегенді білдіреді. Сондықтан байлар асап жейтін ет, кедейлерге әлі де деликатес болып қала бермек...

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу