"Қордай" өткізу бекеті жабылады

1826

"Нововоскресеновка" өткізу бекетінің атауы "Сыпатай батыр" деп өзгертіледі. 

"Қордай" өткізу бекеті жабылады

Бүгін Сенатта "2003 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" заң қабылданды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, құжатта "Сарытөбе" және "Аухатты" автокөлік өткізу бекеттерінің  мәртебесін екіжақтыдан "көпжақты халықаралыққа" ауыстыру ескерілген. Сонымен қатар "Нововоскресеновка" өткізу бекетінің атауын "Сыпатай батыр" деп өзгерту көзделген. 

"Қазіргі кезде екі ел арасында 11 автомобиль өткізу бекеті бар, олардың бесеуі көпжақты халықаралық, ал алтауы  – екіжақты. Екіжақты өткізу бекеттерінің төртеуінен өтетін адамдар мен көлік құралдарының қарқыны төмен болуы себепті олар 2010 жылы жабылған. Қазіргі кезде жұмыс істеп тұрған барлық өткізу бекетінен жылына 11 миллиондай адам, 1 млн 300 мыңдай жеңіл көлік, 400 мыңнан астам жүк көлік құралы өтеді. Сондай-ақ, 2018 жылы автомобиль көлігімен жүк тасымалдау Қазақстан мен Қырғызстан арасында 48%-ға артып, 1,7 млн тоннаны құрады", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің мәлімдеуінше, "Қордай" бекеті 2020 жылы наурыз айында жөндеуге жабылады.

"Сарытөбе" және "Аухатты" автомобиль бекеттеріне көпжақты халықаралық мәртебе беру "Қордай" өткізу бекеті жөндеу жұмысына жабылған кезде адам және көлік кептелісін болғызбау үшін қажет. Себебі "Қордай" өткізу бекеті қалыпты жұмыс жағдайына көшкенге дейін халық "Сарытөбе" және "Аухатты" автомобиль бекеттерін пайдаланады", – деді министр.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу