Корей бизнесмендері "Ляньюньган" портындағы Қазақстан терминалына қызығушылық танытуда. Бұл туралы бүгін БАҚ өкілдеріне ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
"Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Кореяның 20-дан астам ірі компаниясының басшылары кездесті. Олардың басым бөлігі бүгінде Қазақстанда энергетика, ауыл шаруашылығы көлік-логистика сынды салаларда жұмыс істеуде. Бұл кездесу алдында біздің министрлік екі келісімге қол қойды. Біріншісі келешекте іске қосылатын 6 жобаны қамтиды. Ондағы жобалардың жалпы құны 1 млрд. доллардан асады. Екінші меморандум көлік саласына қатысты. Оның аясында темір жол, автомобиль жолдары салаларында интелекті жүйені енгізу көзделеді", – деді министр. Қасымбек Қазақстан Президенті корей бизнесмендерімен кездесу барысында еліміздің Қытайдың "Ляньюньган" портындағы терминалы жайында, оның жүк тасымалдауға тиімділігін айтқандығын атап өтті.
"Кореядан Орталық Азияға, Ресейге баратын жүктерді "Ляньюньган" портынан Қазақстан арқылы шығару туралы ұсыныс болған. Корей бизнесмендері бүгін бұл мәселеге айрықша қызығушылық танытқандықтарын байқатты", – деді ол.