Астанада "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов "Samsung E&A" компаниясының атқарушы вице-президенті және сату мен бизнесті дамыту жөніндегі жетекшісі Роберт Юнмен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тараптар өңдеу саласындағы, оның ішінде Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін қарастырды.
Атап айтқанда, қазіргі уақытта кореялық компанияның Павлодар мұнай-химия зауытының өндірістік қуатын жылына 6 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін арттыру бойынша жобалық құжаттаманы (FEED) әзірлеуге қатысу мүмкіндігі талқыланып жатыр.
Асхат Хасенов өз сөзінде ҚМГ ұлттық компания ретінде Samsung E&A-ның инжиниринг, сондай-ақ мұнай өңдеу мен мұнай химиясы кәсіпорындарының құрылысы саласындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытатынын жеткізді.
Бұған дейін ҚМГ делегациясы "Samsung E&A" компаниясының Сеул қаласындағы штаб-пәтеріне барып, негізгі жобаларымен және технологиялық шешімдерімен танысты.
Кездесу соңында тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.