Бұл туралы Оңтүстік Кореяның технологиялық астанасы – Тэджон қаласында Қазақстанның құрметті консулдығының ресми ашылуында айтылды, деп жазады inbusiness.kz сайты "24KZ" телеарнасына сілтеме жасап.
Бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының заңды жалғасы болып отыр. Қазақстанның құрметті консулы болып әйгілі CONTEC ғарыш компаниясының басшысы доктор Ли Сон Хи тағайындалды.

Тэджон – Оңтүстік Кореяның ғылыми-техникалық орталығы. Бұл қаланы елімізбен байланыстыратын жайттардың бірі – мұнда Қазақстаннан келген жүздеген студент білім алып жатыр.
Сонымен қатар осыдан 5 жыл бұрын дәл осы жерге Кореяның тәуелсіздігі үшін күрескен Хон Бом Доның сүйегі Қызылордадан жеткізіліп, қайта жерленді. Енді Тэджон қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Оны CONTEC компаниясының бас директоры Ли Сон Хи басқарады. Ол NASA-ға ұқсас Корея аэроғарыштық зерттеулер институтында 16 жыл жұмыс істегеннен кейін өз кәсіпорнын құрды.

Бүгінде CONTEC – қазақстандық ғарыш ведомствосы мен Ghalam компаниясының серіктесі. Бірақ жаңадан тағайындалған консулдың жоспарлары ғарыш шеңберінен әлдеқайда асып түседі.
Тэджонда орналасқан екі ірі жоғары оқу орны Қазақстанда филиалдарын ашты. KAIST университетінің ғимараты жаңа Алатау қаласында салынса, Түркістандағы Woosong-та жасанды интеллект және деректер ғылымы бойынша 300-ге жуық студент оқиды.
Тэджондағы Қазақстанның құрметті консулдығының басты мақсаты – қазақстандық-кореялық ғарыш жобаларын дамыту. Келесі жылдың екінші жартысында жасанды Жер серігін ұшыру жоспарланған.