"Қорғас" бекетінен 10 секундта өтуге мүмкіндік беретін тексеру жүйесі енгізілді

275

"Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына жылына 1 млн-нан аса адам келеді.

"Қорғас" бекетінен 10 секундта өтуге мүмкіндік беретін тексеру жүйесі енгізілді Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Келушілер үшін кезекті азайтып, уақытты үнемдеу үшін мұнда Q-Gate жаңа электронды тексеру жүйесі енгізіліп жатыр. Оның көмегімен шекарадан небәрі 10 секундта өтуге болады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазір олар шекаралық бақылаудың автоматты және дәстүрлі жүйесін қатар қолданып жатыр.

Жаңа жүйе дәстүрлі паспорттық бақылаудан 4-5 есе жылдам жұмыс істейді.

Q-Gate жүйесі жолаушының бет-әлпетін және паспортын тексеріп, жеке басын автоматты түрде анықтайды. Соның арқасында шекаралық бақылаудан өтетін адамдар санын көбейтіп, кезекті азайтуға мүмкіндік бар. Мысалы, жүйе арқылы 200 жолаушыны тексеруге шамамен 7 минут қажет. Ал қызметкерлер құжаттарды қолмен тексергенде бұл жұмысқа шамамен 30 минут уақыт кетеді.

"Қорғастан" әр адамға 25 келіге дейінгі тауарды баж салығын төлемей алып өтуіне рұқсат етілген. Жүк жөнелту процесі автоматты жүйе арқылы бақыланады. Одан бөлек, көрші елде шығарылған жеңіл көліктер де "Қорғас" арқылы тасымалданып жатыр.

Қазір Қазақстанның 11 өткізу бекетінде 54 Q-Gate биометриялық терминалы жұмыс істейді. Олардың қатарында Астана мен Алматы қалаларының халықаралық әуежайлары бар.

2028 жылға дейін елдің өткізу бекеттеріне осындай тағы 198 терминал орнату жоспарланып отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу