"Қорғас" кеден бекетінде "POLISIA" деген жазуы бар әскери киімдер тәркіленді

164

Жалпы салмағы 1 775 келі болатын 71 багаж орны тәркіленді.    

"Қорғас" кеден бекетінде "POLISIA" деген жазуы бар әскери киімдер тәркіленді Фото: gov.kz

27 сәуірде "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығының қызметкерлері кедендік және шекаралық бақылауды тексеру барысында Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдарының символикасы бар формалық киімнің ірі партиясын ("POLISIA" жазуы бар) ұстады.

Аталған киімдер Қытай тарапынан қазақстандық бөлікке келушілердің жүгін тасымалдаған автокөлікті тексеру кезінде табылды, деп жазады inbusiness.kz сайты Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.

"Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, "Қорғас" халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы арқылы өткен жеке тұлғалар сатып алған тауарларын арнайы тасымалдаушылар арқылы шекарадан өткізе алады. Алайда бұл жағдайда, әкелуге шектеу қойылған тауарлар санатына жататын өнім анықталды. Ресми символикасы бар формалық киімдер жеке пайдалануға арналған тауарлар қатарына жатпайды және арнайы тәртіппен әкелінуі тиіс", - делінген Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада. 

Естеріңізге сала кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2017 жылғы 20 желтоқсандағы №107 шешіміне сәйкес, жеке пайдалануға арналған тауарлардың түрлері, салмақтық және құндық нормалары белгіленген. Бұл нормалар кедендік төлемдерден босатылатын жағдайларға қолданылады.

                                               

Қазіргі уақытта аталған киімдер уақытша сақтау қоймасына орналастырылып, Қазақстан Республикасының заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Кодекске сәйкес процессуалдық іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу