Көркем гимнастикадан Будапеште өткен халықаралық турнирде Роза Абитова мен Адиля Тілекенова және Даяна Әбдірбекова жекелеген жаттығулар бойынша жүлдеге ілікті, деп хабарлайды Olympic.kz.
Атап айтар болсақ, Роза Абитова шығыршықпен жаттығуда күміс жүлде иеленді. Бұл сында ресейлік Е. Чаплина жеңімпаз атанса, қола медаль жапон спортшысына бұйырды.
Адиля Тілекенова доппен жаттығуда үздік үштікке енді. Ол Ресей және Румыния гимнастарын алға жіберген.
Ал таспамен жаттығуда Даяна Әбдірбекова қола медаль еншіледі. Аталған жаттығу бойынша ресейлік Е. Чаплина алтын, украиналық Е. Лопатина күміс жүлдегер атанды.
Еске сала кетейік, Даяна Әбдірбекова мен Адиля Тілекенова 2018 жылғы Азия ойындарының чемпионы. Роза Абитова Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында командалық есепте күміс медаль иеленді.