Осы жылдың 16 қыркүйегінен бастап Қазақстанда қорқыту, бопсалау немесе өкілеттігін асыра пайдаланған коллекторлар тек айыппұлмен ғана емес, қылмыстық жауапкершілікпен де жазаланатын болады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұрын тек әкімшілік жауапкершілікпен шектелсе, енді: өкілеттігін теріс пайдаланғаны үшін – 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру, қорқыту, күш қолдану, жалған құжат жасау немесе бопсалау – 5 жылға дейін түрме жазасы қарастырылып отыр.
Заңды қатаңдатудың ең басты себебі – борышкерлерге қысым жасау жағдайларының жиілеуі, қорқыту, психологиялық зорлық, туыстарға қысым көрсету, құжаттарды қолдан жасау, түн ортасында қоңырау шалу көбейген.
"Коллекторлық қызмет туралы" заңға сәйкес, коллекторлар: аптасына ең көп дегенде 3 рет сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін қоңырау шала алады. Жеке кездесу тек сағат 20:00-ге дейін және борышкердің келісімімен өткізіледі.
Сөйлесу барысында өздерін полиция немесе сот орындаушысы ретінде таныстыруға, қарыз туралы мәліметтерді жариялауға, қорқытуға немесе кемсітетін сөздер қолдануға, туыстарымен немесе әріптестерімен рұқсатсыз байланысуға тыйым салынады.
Жаңа заң бойынша егер коллектор қысым көрсетсе, нақты қорғану тетігі бар. Әңгімелерді жазып алып, фактілерді тіркеп шағымдануға болады. Тіпті қылмыстық іс қозғалады.