Коронавирусқа қарсы екпе алғашында ойдағыдай нәтиже бермеуі мүмкін

745

Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстандағы COVID-19 вирусының таралуына қатысты болжам жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Коронавирусқа қарсы екпе алғашында ойдағыдай нәтиже бермеуі мүмкін

"Құрметті Асқар Ұзақбайұлы (Премьер-министр Асқар Мамин – автор), коронавирустың таралуына қатысты болжамға тоқталуға рұқсат етіңіз. Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобы 2021 жылдың соңына дейін елдегі эпидемиологиялық ахуалға болжам жасады", - деді министр.

Ол болжамды жасау барысында елдегі шектеу шаралары: маска тағу, арақашықтықты сақтау және вакцина алу дерегі ескерілгенін айтты.

"Оптимистік болжамға сәйкес, сәуірде тәулігіне коронивирус жұқтырудың 500 дерегі, ал пессимистік жағдайда тәулігіне инфекция жұқтырудың 1700 дерегі тіркелуі ықтимал", - деді Алексей Цой.

Оның пікірінше, алғашқы уақытта коронавирусқа қарсы екпе тиімді болмауы мүмкін. 

"Бірінші кезеңде вакцина алудың нәтижесі шектеулі болады. Себебі, иммунитетті қалыптастыру үшін уақыт керек. Кейін вакцина алудың пайдасы арта түседі. Ол елдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақталуына ықпал етеді", - деді министр.

Алексей Цой коронавирусқа қарсы екпені салу ұжымдық иммунитетті қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. 

"Вакцина өндірушілермен келіссөз жүргіздік. Биыл Қазақстанда шамамен 12 млн (коронавирусқа қарсы – автор) вакцина жеткізіледі", - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Айта кетейік, Қазақстанда коронивирус жұқтырғандар саны 225 685-ге жетті, 207 371 адам аурудан айықты, 2 865 адам қайтыс болды.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу