Коронавирусқа тест тапсыру инфекциядан қорғамайды – бас санитар дәрігер

807

Тексерістен бірінші кезекте коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандар өтуі керек.

Коронавирусқа тест тапсыру инфекциядан қорғамайды – бас санитар дәрігер

Мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова қызметкерлеріне ПТР тест тапсыруды міндеттеген жұмыс берушілер зертханаларға қосымша жүктеме түсіріп жатқанын мәлімдеді.

Оның сөзінше барлық қызметкерлерге ПТР тест тапсырудың қажеті жоқ. Бұл тесті алдымен коронавирус жұқтырған науқаспен байланыста болғандар, әскерге шақырылғандар, жабық медициналық мекемеде жұмыс істейтіндер немесе клиникалық белгілер бар адамдар тапсыруы қажет. 

"Бүгінде жекеменшік және мемлекеттік сектордағы барлық жұмыс беруші қызметкерлерінен іс-сапарға барғанда, демалыстан, ауруханадан шыққанда міндетті түрде ПТР тест тапсыру қажет деген талап қойды. Құрметті жұмыс берушілер, бұл талап сіздің ұжымыңызды инфекциядан қорғамайды. Яғни сіздің кәсіпорныңыз ашық, яғни, жұмыс істеп тұрса күні бойы қызметкерлеріңіз байланыста болады. Жұмыстан шыққан соң басқалармен байланыста болады. Қызметкерлеріңіз автобусқа отырады, дүкенге барады, жақын адамдармен қарым-қатынас жасайды. Әрине, мұндай жағдайда ауру жұқтыру қаупі болады. Алайда қазіргі таңда жұмыс берушінің ПТР тестіні міндетті түрде тапсыру керек деген талабы жүктемені арттыруда", – деген ол нәтижесінде сынама тапсыру қажет адамдарға тест қолжетімді болмай бара жатқанын айтады.

"Бұл жағдай тест тапсыру қажет адамдарға қолжетімділікті азайтады. Тест ертең кез келген адамға немесе жақынымызға қажет болуы мүмкін. Сондықтан жұмыс берушілер мен халыққа ПТР сынаманы тек одан шынымен де өтуі қажет адамдар ғана тапсыру керегін айтқым келеді", – деді Айжан Есмағамбетова.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу