Коронавирустың қолма қол ақша арқылы жұғу ықтималдығы төмен – Ұлттық банк

2663

Бас банк көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдардың түйінін тарқатты.

Коронавирустың қолма қол ақша арқылы жұғу ықтималдығы төмен – Ұлттық банк

Инкассациядан кейін банкноттар ұзақ уақыт сақталатындықтан COVID-19 вирусының қолма қол ақша арқылы жұғу ықтималдығы төмен, деп хабарлады Ұлттық банктің Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажмұратов.

"Біріншіден банкноттардың инкассациядан кейін сақталу мерзімінің ұзақ болуына байланысты COVID-19 вирусы жұққан банкноттардың айналымға шығу ықтималдығы мардымсыз. Ұлттық Банктің ішкі нормативтері бойынша екінші деңгейлі банктерден түсетін қолма-қол ақша қайта санауға дейін ашылмаған күйі 45 күн ішінде, ал қайта санаудан кейін бір жыл бойы сақталуы мүмкін. Сонымен қатар, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша қазіргі сәтте заттардың бетіндегі вирустың тұрақтылығы туралы мәліметтер жоқ. Коронавирустың қоршаған ортадағы тұрақтылығы салыстырмалы температура мен ылғалдықты, сондай-ақ материалдың бетін қоса алғандағы бірқатар факторларға байланысты", – деді Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры.

Сондай-ақ Жомарт Қажмұратов касса қызметкерлері үшін қолды жиі жуу ережесі ерекше маңызды екенін атап өтті.

"Қолма-қол ақшамен жұмыс істейтін касса қызметкерлерінің жұмыс ерекшелігін ескерсек, қолды жиі жууға қатысты кеңестер осы адамдар тобы үшін ерекше маңызды. Осыған байланысты олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған шараларды сақтауы қажет",- деді департамент басшысы. 

Сонымен қатар Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін төлем жасар кезде қолма-қол емес төлемдерге басымдылық беруді ұсынды. 

"Вирустардың таралуы үшін осалдығы барынша төмен есеп айырысу тәсілдері – байланыссыз есеп айырысу. Дүкендер мен дәріханаларда, онлайн жеткізу кезінде қолма-қол ақшасыз төлемдер нысандарын көбірек пайдалануды ұсынамыз. Бұл байланыс жасау саны мен деңгейін төмендетуге, яғни коронавирустың таралуын шектеуге мүмкіндік береді", – деді ол.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу