Қоршаған ортаға эмиссия үшін былтыр бюджетке 99 млрд теңге түскен

771

Алайда экологияға бұл қаражаттан 5%-40%-ы ғана жұмсалған.

Қоршаған ортаға эмиссия үшін былтыр бюджетке 99 млрд теңге түскен

Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов жаңа экологиялық кодекс жобасы жайлы баяндай отырып, өңірлердегі кәсіпорындардың қоршаған ортаға эмиссиясы үшін жергілікті бюджетке төлеген қаражаты қайда жұмсалатынына тоқталды.

"Статистикалық мәліметтерге қарасақ, өңірлер жиналған қаражаттан экологияға 40%-дан артық бөлмейді. Ал Ақмола, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан тәрізді аймақтарда бұл көрсеткіш тіптен 5%-дан аспайды. 2019 жылы бюджетке 99 млрд теңге түсті. Заң жобасы қабылданса, қоршаған ортаға эмиссия үшін жиналған ақша 100% экологияны қорғауға жұмсалады. Бұл қаражатты айналаны көгалдандыру, саябақтар ашу, кәріздер және қалдықтарды тазарту бекетінің құрылысын салу, тұрмыстық қатты қалдықтар төгілетін полигондарды қалыпқа келтіру, бейберекет қоқыс төгумен күреске арнау қажет", – деп түсіндірді экология вице-министрі.

Оның айтуынша, өндіріс кәсіпорындары қоршаған ортаға шығаратын қалдықтарды шынайы уақыт режимінде автоматтандырылған бақылау жүйесін орнатқан, алайда бұл мәліметтермен қоғамды таныстыруға асығар емес.

"Бұл біріншіден бизнесті тексеруді азайтады. Ең бастысы, кәсіпорындар қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтар жайлы дұрыс мәліметтерді береді әрі жұртшылықпен бөліседі. Олардың шығарған қалдықтардының мөлшері жайлы жұртшылық хабардар болып отырады. Бұл норма міндетті түрде орындалуға тиіс. Ірі кәсіпорындарда мониторинг қондырғылары бар, бірақ мәліметтерін бергісі келмейді. Алайда біз талап ететін боламыз", – деді А.Пірімқұлов.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу