Көрші ел көпшілік күтпеген тәуекелге барды

Өзбекстан 10 наурыздан бастап елден Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне екіжақты жолаушылар тасымалына рұқсат беріп отыр. 

Көрші ел көпшілік күтпеген тәуекелге барды Фото: ЖИ

Сонымен қатар, олардың түріне және азаматтығына байланысты бұрын енгізілген барлық шектеу алынып тасталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ал умраға баратын қажыларға туроператорлар міндетті түрде бару және қайтуға арналған жеке әуе билеттерін рәсімдеуі тиіс.

2 наурыз күні аэронавигациялық ақпарат жүйесінде (NOTAM) Өзбекстаннан Сауд Арабиясына Өзбекстан азаматтары мен көршілес елдердің азаматтарын тасымалдауға 18 наурызға дейін тыйым салынғаны туралы хабарлама жарияланған еді. Десе де, Көлік министрлігінің жаңа хатына сәйкес, жолаушылардың түрі мен азаматтығына қатысты барлық шектеу жойылды. 

Сауд Арабиясына рейстерді орындау кезінде әуе компаниялары мен әуежайлар умра маусымы аяқталып келе жатқанын ескеруі тиіс. Корольдік заңнамасына сәйкес барлық қажы 2026 жылғы қажылық маусымы басталғанға дейін елден шығуы қажет.

Осыған байланысты Uzbekistan Airports компаниясына Сауд Арабиясына ұшатын барлық жолаушының қайтар әуе билеттерінің бар-жоғын тексеру тапсырылған. 

Туроператорлармен жасалатын келісімшарттарда әрбір жолаушыға бару және қайтуға арналған жеке әуе билеті берілуі міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Бұл рейстерді әртүрлі әуе компаниясы орындаған жағдайда да сақталуы керек.

Ұшу кезінде борттағы хабарландыру жүйесі арқылы жолаушыларға туроператорлар мен турагенттер бару-қайту билеттерін, қонақүй ваучерін, трансфер, тамақтану қызметін және сақтандыру полисінің көшірмесін ұсынуға міндетті екені ескертіледі.

"Узавиация" агенттігіне Сауд Арабиясынан қайтар билеті жоқ ұшып шыққан жолаушылар туралы мәліметтерді талдау тапсырылған. Қажет болса, бұл ақпарат Дін істері комитетіне, Туризм комитетіне және прокуратура органдарына жолданады. 

Өзбекстан Көлік министрлігі аймақтағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстайтынын және қажет болған жағдайда үкіметпен бірлесіп қосымша нұсқаулар беретінін мәлімдеді.

Еске салайық, 28 ақпандағы қақтығыстан бері әуе кеңістігі Бахрейн, Кувейт, Сирия, Ирак, Иран, Катар және Израиль аумағында жабық күйінде қалып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу