2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Ресейдің 7 өңірінде мектептерде тәртіпке баға қою жүйесі іске қосылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мұндай жаңашылдықты Ресейдің Ата-аналар комитеттері мен қауымдастықтары төрайымы Ольга Леткова жария еткен.
Оның сөзінше, бастама Новгород, Ярослав, Тула, Ленинград облыстарында, Луган халық республикасында, Шешенстан мен Мордовияда басталады.
– Мектептер балалардың тәртібін бағалау тәсілін өзі таңдайды. Үш нұсқа ұсынылған: екі деңгейлі (өтті/өтпеді), үш деңгейлі (үлгілі, қабылдауға болатын, қабылдауға болмайтын тәртіп) немесе бес деңгейлі ("өте жақсы", "жақсы", "қанағаттанарлық", "қанағаттанарлықсыз", "мүлдем қанағаттанарлықсыз"). Эксперимент қорытындысы бойынша осы модельдердің бірі бекітіледі, – делінген мәлімдемеде.
Ресей Білім министрлігі болашақта тәртіпке қойылған баға оқу орнын бітіру құжатында көрсетілуі мүмкін екенін растады. Жаңа жүйе оқушылардың саналы тәртібін нығайтуды мақсат етеді.
Айта кетейік, КСРО-да да тәртіпке баға қою жүйесі болған еді, десе де ол 1989 жылы алынып тасталды. Ал Ресейдегі бұл жаңашылдық 2024 жылдың 10 желтоқсанында Азаматтық қоғамды және адам құқықтарын дамыту кеңесінің отырысында ұсынылған-ды. Сонда Путин бұл идеяны қолдайтынын бірден білдірген болатын.