Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы келісім аясында екі елдімекенді ресми түрде алмастыру рәсіміне кірісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Агенттікке бұл туралы Қырғызстан президентінің Баткен облысындағы өкілдігі хабарлаған.
3 тамыздан бастап екі елдің бірлескен жұмыс тобы бұрын Өзбекстанның Ферғана облысына қараған Чоң-Гара және Таш-Дөбө ауылдарында ұйымдастыру-техникалық жұмыстарды бастады.
Мамандар тұрғындарды тіркеп, құжаттарды рәсімдеу тәртібін түсіндіруге кірісті.
24 шілдеде Баткен облысының Қадамжай ауданында өткен бірлескен комиссия отырысында тараптар берілетін аумақтардағы тұрғындардың азаматтық мәртебесін, көшіру мәселесін, мүлікті рәсімдеу мен шаруашылық қызметіне қатысты өзге де ұйымдастыру мәселелерін талқылаған.
24.kg сайтының мәліметінше, Чоң-Гара мен Таш-Дөбөде негізінен этникалық қырғыздар тұрады. Екі ауылдың жалпы халқы шамамен 2,5 мың адамды құрайды. Тіркеу аяқталғаннан кейін тұрғындарға Қырғызстан азаматтығын беру рәсімі басталады. Өз кезегінде Қырғызстан Өзбекстанға аумағы тең жер телімдерін береді.