Тағы бір өкініштісі, қаралы жайт кәмелетке толмаған баланың көз алдында жасалған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қаскөйге қатысты үкім шығарды.
Сотталушы өзі тұратын жатақхана үлгісіндегі пәтерінде ішімдік ұрттаған. Содан көршісінің осыған дейін қоймадағы гитарасын лақтырғаны есіне түсіп, жәбірленушілердің пәтеріне баса көктеп кірген.
– Алдымен әжесіне бірнеше жерден пышақ жарақатын салады. Сол сәтті көрген кәмелетке толмаған жәбірленуші өзін, әжесін және анасын өлтірмеуді сұрап, жалынған кезде "әрі кет, жағаласпа!" деп итеріп жібергенде пышақ бетін тіліп өтеді. Кәмелетке толмаған жәбірленушінің анасының жуыну бөлмесіне тығылып қалғанын байқаған сотталушы оны артынан қуып барып, бөлменің есігін жұлып алып, бірнеше жерінен пышақ жарақатын салып, өлтірген. Сол кезде кәмелетке толмаған жәбірленуші ұялы телефоны арқылы сыныптасына хат-хабарлама жібереді. Соның арқасында көршілер полиция шақырып, кәмелетке толмаған жәбірленуші аман қалады, – делінген хабарламада.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1, 5-тармақтары және 107-бабы 2-бөлігінің 8-тармағында көзделген құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Сот оған Қылмыстық кодекстің 58-бабының 4-бөлігіне сәйкес онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы түпкілікті өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.