Құрылыс аумағынан құлатылған ағаштарды байқаған тұрғындар әлеуметтік желіде алаңдаушылық білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тұрғындар қаладағы Қарқаралы тасжолының бойында, Спорт университеті маңындағы құрылыс алаңында арнайы техника, құрылыс материалдары және болашақ LRT желісінің тіректері орнатылып жатқанын байқаған. Сонымен қатар аумақта тамырымен қопарылған ағаштар да көзге түседі.
LRT жобасының операторы City Transportation Systems бұл жұмыстар екінші кезең құрылысына дайындық аясында жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Компанияның мәліметінше, мамандар болашақ станциялар мен инфрақұрылым орналасатын аумақтағы жасыл желектерге тексеру жүргізген.
Нәтижесінде 2246 ағаш пен бұтаны басқа жерге көшіру жоспарланып отыр. Оларды жақын маңдағы аумақтарға отырғызу көзделіп отыр. Сонымен қатар бүлінген әрбір ағаштың орнына 10 жаңа көшет егу жоспарланған. Компания өкілдері құрылыс кезінде сақтауға болатын ағаштар толық қорғалатынын атап өтті.
CTS мәліметінше, барлық жұмыс экологиялық талаптар мен Қазақстан заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
Айта кетейік, өткен аптада Астанада LRT жүйесі іске қосылған болатын. Жаңа желінің ұзындығы 22,4 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда желіде 15 пойыз қатынайды, олардың қозғалысы жүргізушісіз режимде жүзеге асырылады. Алғашқы күндері жаңа көлік түрін пайдаланған жолаушылар саны 100 мың адамнан асқан.