Қостанай облысы жұмыс күшіне зәру

766

Қостанай облысының өнеркәсіптік және өндірістік әлеуеті орасан зор. Бірақ жұмыс істеп тұрған және жаңадан іске қосылмақ өндірістерді дөңгелетіп әкету үшін жұмыс күші тапшы, деп хабарлайды inbusiness.kz Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысы жұмыс күшіне зәру

Жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға қоныс аудару бағдарламасын іске асыру аясында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары З. Тұрысбеков 2021 жылғы 23-24 қарашада "Өңір" депутаттық тобының мүшелері – сенаторлар Е. Сұлтанов, А. Құртаев және Ж. Нұрғалиевтармен бірге Қостанай облысына барып қайтты.

Іссапар барысында олар жергілікті ірі өнеркәсіптік және өндіруші кәсіпорындарының жұмысымен танысты.

"Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі" АҚ президенті В. Гриненко жаңа кен орындарын пайдалануға енгізейін деп тұрған тұста жұмыс күшінің тапшылығының өсіп келе жатқанын атап өтті. "ССТӨБ" АҚ 900 жас маманды көшіру үшін жағдай жасауға әзір екенін жеткізді. "СарыарқаАвтоПром" ЖШС басшылығы да қосымша 500 маман тартуға мүдделі. Қазіргі уақытта іске асырылып жатқан "КАМАЗ" зауыты құрылысының жобасы шойын құю өндірісі бойынша жас мамандар үшін 500 жұмыс орнын ұсынуға құлықты. Ауылшаруашылығы техникасын өндіру жөніндегі өнеркәсіптік кәсіпорын "Агромашхолдинг КЗ"-ке де қосымша 180 маман қажет. Сөйтіп тек осы кәсіпорындардың ғана кадрларға деген жалпы мұқтаждығы шамамен 2 200 адам.

Қостанай облысының орта арнаулы оқу орындарында білім беріп, содан кейін жұмысқа орналастырып және жеке тұрғынүй құрылысы (ЖТҚ) үшін жер телімдері бөлінген жағдайда, оңтүстік өңірлердегі қандастар арасынан жастардың қоныс аударуын қамтамасыз етуге дайын екенін З. Тұрысбеков Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының атынан мәлімдеді.

Еліміздегі ең ірі агроөнеркәсіптік кешендердің бірі "Олжа агро" кәсіпорнының басшылығы жоғарыда айтылғандардан бөлек, оңтүстік өңірлерден 2 000 отбасын көшіруге мүдделілік танытты. Олар мүйізді іріқараларды өсіруге жұмылдырылып, әр жанұяға шамамен 100-ден құнажын сиырлар бөлініп берілетінін жеткізді. Бұл ретте Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы оңтүстік өңірлерден қандастарды көшіруді ұйымдастыру арқылы жәрдем көрсетуге бейіл екендіктерін білдірді.

Өз кезегінде Қостанай қаласының әкімдігі ҚР қолданыстағы заңнамасына тиісті түзетулер қабылданғаннан кейін ЖТҚ үшін инфрақұрылымы бар жер учаскелерін бөлуге болатынын және мұндай қадам өңір билігіне елдің жұмыс күші артық өңірлерінен қоныс аударушылар үшін жер учаскелерін ресімдеуге мүмкіндік беретінін айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу