Полиция 2026 жылғы 16 қарашада Қамысты ауданында болған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қазір оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр.
– Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы мұқият тексеріліп жатыр. Асығыс қорытынды жасамауды сұраймыз. Жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке дейін жаза қарастырылғанын еске саламыз. Тергеу жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды, – деп хабарлады Қостанай облысының полиция департаменті.
"НеМолчи.kz" қорының мәліметінше, оқиға Қостанайдан шамамен 200 шақырым жердегі ауылдардың біріндегі мектеп дәретханасында болған. Сол кезде дәретханаға кірген жоғары сынып оқушысы оқиғаға куә болады. Сосын ол бұл туралы зардап шеккен оқушының туған ағасына айтқан.
– Болған оқиға осылайша әшкереленді. Мектеп директоры аудандық полиция бөліміне хабарласып, баланың анасы арыз жазды, – делінген жарияланымында.
Қордың мәліметінше, зардап шеккен баланың анасы 3 баланы жалғыз тәрбиелеп отыр.
Әлеуметтік желіде тараған ақпараттан кейін Қостанай облысындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Несібелі Басенова жағдайға қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, 16 қарашада зардап шеккен оқушының анасы баласының құқықтарын қорғауға көмек сұрап, уәкілге жүгінген.
– Баланың анасы маған өзі хабарласты. Онымен сөйлесіп, өкілетім бойынша баланың құқықтарын қорғауға қатысты барлық мәселеге қатысты көмек көрсеттім. Сондай-ақ тиісті мемлекеттік және құқық қорғау органдарымен байланысқа шықтым. Жағдай менің бақылауымда, – деді ол.
Несібелі Басенова сонымен қатар әлеуметтік желіде тараған баланың анасына қысым көрсетілуі мүмкін деген ақпаратқа қатысты түсінік берді.
– Бұл мәліметтер әлі тексерілуі керек. Тексеру нәтижесі шықпайынша, қысым көрсету дерегін де, оның кім жасағанын да растай алмаймын. Қазір ең бастысы – баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оған және отбасына қажетті көмек көрсету. Мен анасымен байланыстамын және баланы қорғау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын бақылап отырамын, – деді арнайы уәкіл.
Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата-аналарға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша хаттамалар толтырылған.
Сонымен қатар осы оқиғаға қатысты жайт Қамысты аудандық кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралмақ.