Қостанай облысында 1129 гектар жерді беру кезінде заң бұзушылық анықталды

259

Ұзынкөл ауданында жер комиссиясы конкурсқа қатысушыларға негізсіз қосымша балл берген.  

Қостанай облысында 1129 гектар жерді беру кезінде заң бұзушылық анықталды Фото: dknews.kz

Ұзынкөл аудандық прокуратурасы жер заңнамасының сақталуына жүргізген талдау барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру кезінде заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Аудан әкімдігінің жер комиссиясы конкурс қорытындысын шығару кезінде кейбір қатысушыларға ауданда 5 жылдан астам уақыт тұрғаны үшін заңда көзделмеген қосымша балл есептеген.

Сонымен қатар комиссия конкурсқа қатысушылардың бірі шетел азаматының жұбайы болып табылатын Қазақстан азаматы екенін ескермеген.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 24-бабына сәйкес шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған Қазақстан азаматтарына ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншікке немесе жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заң бұзушылықтар жойылды. Жер комиссиясы отырысының хаттамасы жойылып, жалпы аумағы 1129 гектарды құрайтын 7 жер учаскесі шаруа қожалығын жүргізу үшін азаматтарға беру мақсатында қайтадан конкурсқа қойылады.

Қостанай облысының прокуратурасы жер қатынастары саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу