Рудныйда 16 жастағы жасөспірім синтетикалық есірткімен ұсталды

99

Күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.  

Рудныйда 16 жастағы жасөспірім синтетикалық есірткімен ұсталды Фото: polisia.kz

"Қарасора – 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Рудный қалалық ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері психотроптық заттарды сақтап, таратты деген күдікпен 16 жастағы Теміртау тұрғынын ұстады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Полицияның мәліметінше, жасөспірім Рудныйдағы қалалық жағажай маңында қолға түсті. Одан ұнтақ тәрізді зат салынған шамамен 80 орам тәркіленді. Кейін Қостанай қаласында жалға алынған пәтерге тінту жүргізіліп, электронды таразылар, жүздеген бос пакет және сату үшін дайындалған 200-ден астам есірткі орамы анықталды.

Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен жарты килограмм болды. Сот-химиялық сараптама оның синтетикалық есірткі екенін көрсетті.

Алдын ала дерек бойынша, жасөспірім әлеуметтік желілер арқылы қылмысқа тартылған: мессенджерде оған "жоғары табысы бар курьерлік жұмыс" ұсынылып, шын мәнінде есірткіні сақтау және Қостанай облысы аумағына "жасырын қойып шығу" міндеті жүктелген.

Қазіргі уақытта полиция қылмыстық топтың ұйымдастырушыларын және сыбайластарын іздестіріліп жатыр.

Құқық қорғаушылар жасөспірімдерді интернет арқылы арбау есірткі бизнесінің кең таралған тәсіліне айналғанын еске салып, ата-аналарды балалардың бос уақытын және әлеуметтік желідегі белсенділігін мұқият қадағалауға шақырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу