Қарабалық ауданының прокуратурасы Қазақстан агротехникалық колледжінде тексеру жүргізіп, білім ордасында 45 студенттің тек құжат жүзінде бар екенін, олардың сабаққа ешқашан қатыспағанын анықтады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Сонымен қатар 5 жыл қатарынан көлік құралдары есептен шығарылмағаны, ал 65 студент тұратын жатақхананың техникалық жағдайында кемшілік бар екені анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша 45 студент оқудан шықты. Барлығы 7 оқытушыға қатаң тәртіптік жауапкершілік қарастырылып, колледж директоры қызметінен айырылды.
"Негізгі құралдарды есептен шығару рәсімі басталып, жатақхананы жөндеуге арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүргізілуде", – деп хабарлады Бас прокуратура.
Жауапты орган Қостанайда білім беру ұйымдарында заңды сақтау, студенттердің құқықтарын қорғау және бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол бермеу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.