Қостанай облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтар үшін сим-карталарды белсендендірумен айналысқан 26 жастағы облыс тұрғынын ұстады, деп жазады inbusiness.kz cайты.
Полиция мәліметінше, әйел белсендірілген нөмірлерге WhatsApp мессенджерінде аккаунттар тіркеп, кейін оларға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға беріп отырған.
Дәл осындай нөмірлер арқылы алаяқтар азаматтарға қоңырау шалып, хабарламалар жіберіп, өздерін банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері немесе түрлі ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады.
Полицейлердің анықтауынша, әйел SIM-карталарды белсендендіру арқылы табыс тапқан. Төлемдер криптовалюта арқылы түсіп, кейін қаражат банктік шоттарға шығарылып отырған.

Тінту барысында 6 телефон, 3 планшет және әртүрлі байланыс операторларына тиесілі шамамен 400 SIM-карта тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен мүмкін болатын сыбайластары анықталып жатыр.
Полиция алаяқтар көбіне мессенджерлер мен бөгде тұлғалардың атына рәсімделген нөмірлерді пайдаланатынын еске салады.