Қостанай облысында өрттен бизнеске келген шығын 200 млн теңгеден асты

655

Қазақстандық кәсіпкерлер өрттен зардап шеккен тұрғындарға 200 млн теңгеге жуық қаржы жинап, 56 млн теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен.

Қостанай облысында өрттен бизнеске келген шығын 200 млн теңгеден асты

Бұл туралы "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.

Қазіргі таңда зардап шеккен 18 кәсіпкерлік субъектісі анықталғаны атап өтілді.

"12 кәсіпкердің мәліметі бойынша, мүліктік залал көлемі 200 млн теңгеден асады, келтірілген шығын көлемін 6 субъект анықтайды. Олардың барлығы шағын бизнес өкілдері – бұл дәмхана, техникалық қызмет көрсету станциялары, сауда өкілдері және ауылшаруашылық тауар өндірушілері", - деп жазылған хабарламада. 

Еске сала кетсек, Қостанай облысында 2 қыркүйектен бері орман өрті өршіп тұр, оны сөндіру ауа райының қолайсыздығы мен қатты желдің салдарынан қиындап жатыр. 5 қыркүйек таңертең жалпы өрт аумағы 43 мың гектардан асты.

Өрт салдарынан Озерное, Аманқарағай, Калинино, Лесное ауылдарынан 1840-тан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді.  Өрт жүзден астам ғимаратты қиратып, зақымдады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, өрт салдарынан 10 адам зардап шекті, эвакуациялаудан бас тартқан 86 жастағы мүгедек қайтыс болды.

Өртті сөндіруге 1475-тен астам адам, 160-қа жуық техника, алты тікұшақ, "ҚазАвиаОрман қорғау" мекемесінің Ан-2 ұшағы және бес өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған. Аймақта жергілікті төтенше жағдай жарияланды.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу