Қостанай облысында тағы бір сүт-тауарлы ферма салынады

384

Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін өңірде сүт өндірісін 30 мың тоннадан асыру жоспарланып отыр.  

Қостанай облысында тағы бір сүт-тауарлы ферма салынады Фото: gov.kz

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Меңдіқара ауданына жұмыс сапары барысында өңірдегі ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым жобаларымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазіргі таңда ауданда екі сүт-тауарлы ферма жұмыс істейді. Соның бірі Каменскуральск ауылында орналасқан, 1 200 басқа арналған ферма жылына 6,7 мың тонна сүт өңдеуге мүмкіндік береді. Ал "Каменскуральск" серіктестігі алдағы уақытта 800 басқа арналған тағы бір ферма салуды жоспарлап отыр. Оның өндірістік қуаты жылына 8 мың тонна болады.

Облыс әкімі екі ферманың іске қосылуы нәтижесінде аудандағы жылдық сүт өндірісі 14,4 мың тоннадан 30,8 мың тоннаға дейін өскенін атап өтті.

Сондай-ақ өндірістік нысандарға қатынауды жақсарту үшін Каменскуральск ауылынан құрғақ бие сүті зауыты мен сүт фермасына дейін 10,4 шақырым кіреберіс жол салынып жатыр.

Ауданда инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Қазір барлық 32 ауыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. 2023–2025 жылдары 96,5 шақырым автожол мен 45 көше жөнделді. Биыл Молодежное, Харьков және Қасқат ауылдарына баратын жолдарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар биыл Меңдіқара ауданында 333,5 мың гектар жерге егін егілді. Оның ішінде 224,4 мың гектары дәнді дақылдарға, 102,6 мың гектары майлы дақылдарға және 5,9 мың гектары мал азығына арналған.

Сапар соңында Құмар Ақсақалов аудан тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады және тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу