Мемлекет басшысының тұрғындарды қолжетімді әрі сапалы баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында өңірде бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңірдегі тұрғын үй құрылысының нәтижелері туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Үкімет отырысында баяндады. Оның айтуынша, өткен жылы облыс тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын артығымен орындаған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жоспарланған 500 мың шаршы метрдің орнына 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 5 420 пәтер деген сөз.
Биыл да құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. 2026 жылы облыста 520 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Бүгінде жаңа үйлер тек қалаларда ғана емес, аудан орталықтарында да салынып жатыр. Бұл ауылдық аумақтардың дамуына серпін беріп, өңірдің өмір сүруге және жұмыс істеуге тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жастарға баспана алуға мүмкіндік
Өңірде жастар мен жас отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында көптеген жас маман өз баспанасына қол жеткізіп жатыр.
Соның бірі – көпбалалы ана Диана Даушева. Ол 2024 жылы "Қостанай жастары" бағдарламасына қатысып, Береке-2 шағын ауданынан пәтер сатып алған. Бұған дейін отбасы жолдасының ата-анасының үйінде тұрған.

"Біз банкке жүгіндік, қажетті сома мақұлданды. Содан кейін пәтер іздей бастадық. Ақыры Береке-2 шағын ауданынан өзімізге қолайлы баспана таптық. Ай сайынғы төлем отбасылық бюджетімізге ауыр емес. Жас отбасылар үшін мұндай бағдарламалар үлкен қолдау, өйткені өз үйіңді сатып алуға нақты мүмкіндік береді", – дейді ол.
Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар
Тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде ипотекалық бағдарламалар да белсенді жүзеге асырылуда.
2025 жылы "Отбасы банк" арқылы облыс тұрғындарына 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен 1 046 жеңілдетілген несие берілді. Сонымен қатар "Наурыз" бағдарламасы бойынша тағы 736 несие рәсімделді.
Жалпы берілген ипотекалық қарыздардың көлемі 30,7 млрд теңгені құрады.
Сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды қолдау мақсатында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйлер бағдарламасы іске асырылып келеді. Осы бағытта 2025 жылдың қараша айында "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ-мен тиісті келісім жасалған.
Сапалы әрі жайлы тұрғын үй
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, жаңа үйлерді салу кезінде олардың сапасы мен тұрғындардың жайлылығы басты назарда.
"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, салынатын тұрғын үйлердің сапасына ерекше мән беріліп отыр. Құрылыс кезінде заманауи материалдар қолданылады, ғимараттардың қасбеттеріне жаңа дизайнерлік шешімдер енгізіледі. Пәтерлердің ішкі әрлеуі жақсартылып, аулалардағы жолдар кеңейтіліп, автотұрақтар мен балалар ойын алаңдары салынып жатыр. Біздің мақсатымыз – жастардың өз баспанасына қол жеткізіп, болашағын туған өңірінде құруына жағдай жасау", – деді өңір басшысы.
2026 жылы облыста 34 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 23,5 млрд теңгеге бағалы қағаздар шығару көзделген. Қазіргі уақытта оның 11,1 млрд теңгесі келісілген.
Сонымен қатар жеңілдетілген бағдарламалар аясында 13,7 млрд теңгеге 1005 несие беру жоспарланып отыр.
Қостанай облысы бүгінде қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыс орындары құрылуда, ал заманауи тұрғын үйлер аймақтың өмір сүруге қолайлы әрі тартымды болуына ықпал етуде. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының арқасында көптеген жас отбасы өз баспанасына қол жеткізіп, болашағын туған өлкесінде құруға мүмкіндік алып отыр.
